Астанада Пирамиданың 10 жылдығы аталып өтіледі

Ғимарат Қазақстандағы достықтың, бірлік пен бейбітшіліктің белгісі. Ерекше конструкциясы үшін «Пирамида» деп аталып кеткен ғимарат осы жылдар ішінде елордамыздың көрікті орындарының біріне айналды.
Бейбітшілік және келісім сарайын құру идеясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы оны 2003 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндердің тұңғыш съезінде таныстырған болатын. Сөйтіп, діндер басшыларының екінші съезі Пирамидада өткізілді. Сарайдың ашылу салтанатында әлемдік опера әншісі Монсеррат Кабалье сахнада өнер көрсетті. Пирамидада конфессияаралық форум өткізілді, олардың жұмысына Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Ат-Турки, Орыс Православ шіркеуінің Патриархы Алексии ІІ, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ, Израильдің Бас ашкеназий раввині Иона Мецгер және басқа да көптеген діни көшбасшылар қатысты.
Сонымен қатар, жыл сайын ауқымды шаралар, соның ішінде опералар мен сирек кездесетін өнер туындыларының көрмелері ұйымдастырылады. Бейбітшілік және келісім сарайы Астананың мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосуда.
Бейбітшілік және келісім сарайы ғимаратында қорында танымал түркологтардың ондаған мың кітабы мен қолжазбалары сақталған Түркі кітапханасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени орталықтары, «Құланшы» қазіргі заман өнер орталығы, халықаралық мәдениет және дін орталығы, сондай-ақ ежелгі ғасырдан бастап қазіргі заманға дейін түркі әлемінің тарихы туралы ғылыми зерттеулерді үйлестірумен, түркі тілі мен әдебиетін зерттеумен айналысатын халықаралық түркі академиясы орналасқан.
Аталған бірегей туындының авторы - белгілі британдық сәулетші Норман Роберт Фостер. Суретші Брайан Кларктың нағыз өнер туындысы - Қазақстан жерінде тұратын ұлттар мен ұлыстарды білдіретін 130 көгершін бейнеленген витраж Пирамиданың ұшарбасының көркін келтіріп тұр. Ғимараттың жылжымалы қаңқасы климатты ескере отырып жасалған, ал лифттер 60 градус көлбеу диагональмен қозғалады, мұндай лифттер Эйфель мұнарасында және Лас-Вегаста «Люксор» қонақ үйінде ғана бар.
Мерейтойға арналған гала-концерті«Pyramid Dance Group» шығармашылық би тобының жарқын мюзиклімен ашылады. Сонымен қатар, пирамиданың құрылысы туралы сахналық қойылым мен оның қызметі туралы фрагменттер көрермендер назарына ұсынылады. Эксклюзивті барабандар шоуы думанның көркін келтірмек. Пирамида көпұлтты Қазақстандағы келісімнің нышаны болғандықтан Белоруссия, Армения, Өзбекстан, Украина этномәдени бірлестіктерінің көркемөнерпаздары шараға қатысуға ниет білдіріп, өз өнерлерін ортаға салады. Мерекелік шараның хедлайнері ресейлік «Пицца» тобы.