Астанада пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың жолын кесу шаралары жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың және рұқсатсыз отшашулар мен салют атудың жолын кесу бойынша жұмыстарды жандандырды. 10 желтоқсаннан бастап Астана қаласының ІІД ӘПБ «Пиротехника-2014» жедел алдын алу іс-шарасын өткізе бастады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Астанада пиротехникалық өнімдерді заңсыз сатудың жолын кесу шаралары жүргізілуде

Полицейлер пиротехника өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу үшін күн сайын базарлар мен стихиялық сауда орындарын тексереді, сертификатталмаған өнімді көтерме жеткізушілерді анықтау шараларын қолға алады. «Шеп» бекеттерінде жол-патрульдік полицияның көлік құралдарының пиротехникалық өнімдерді тасымалдау заңдылығын тексеру бойынша жұмыстар жандандырылды.

Айта кетейік, пиротехниканы заңсыз сату фактісі анықталған жағдайда, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 332-бабы (Елдi мекендерде атыс қаруынан ату, пиротехникалық қондырғыларды жару) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады, айыппұл мөлшері - 3 АЕК дейін.

Пиротехникалық өнімдер тиісті лицензиясы бар арнайы дүкендерде ғана сатылуы тиіс.

Осындай бұзушылықтарға жол берген кәмелетке толмаған балаларға ескерту жасалады немесе олардың ата-анасына немесе оларды алмастыратын тұлғаларға пиротехникалық құрылғыларды тәркілеумен 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.