Астанада пиротехниканың қауіпсіздігі қалай тексеріледі

Биыл Астана қаласы бойынша техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті жоспардан тыс 19 тексеру жүргізді. Оның ішінде прокуратурамен бірлескен 5 тексеру, аттракциондар мен пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігі бойынша 308 кәсіби бақылау болды, деп хабарлайды Kazinform елорда әкімдігіне сілтеме жасап. 

пиротехника
Фото: Pixabay

Астана қаласы бойынша техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің басшысы Рүстем Айменов коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 14 кәсіпкерлік субъектісі ӘҚБтК бойынша жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Жалпы сомасы 13 252 100 теңгеге 14 әкімшілік айыппұл салынды.

Оның ішінде 12 млн теңгеге жуығы өндірілді.

3 субъектіге техрегламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімге тыйым салу және айналымнан алу туралы қаулы берілді.

«Біздің жұмысымыз түсіндіру арқылы заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Еуразия экономикалық одағының аттракциондардың қауіпсіздігі туралы  техникалық регламенті адамның өмірін және денсаулығын, мүлкін қорғау мақсатында қойылатын ең минималды талаптарды белгілейді», — деп түсіндірді спикер.

Екінші маңызды мәселе — жаңа жыл қарсаңында белсенді сатылатын пиротехникалық өнімдер. Пиротехникалық бұйымдарға Кеден одағының «Пиротехникалық бұйымдардың қауіпсіздігі туралы»техникалық регламенті қолданылады.

Спикердің сөзінше, өндірушілер, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, сәйкестікті міндетті түрде растауға жататын өнімді сатушылар:

— өнімнің техникалық регламентте белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
— өнімнің сәйкестігін растауды жүргізуге;
— сатып алушылардың, оның ішінде тұтынушылардың талабы бойынша сәйкестік сертификатын, өнімнің сәйкестігі туралы декларацияларды, олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.

«Жоғарыда аталған заң нормаларын сақтамау фактілері бойынша Астана қаласы, Жирентаев көшесі, 18 мекенжайында орналасқан біздің департаментке жүгіну керек», — деп қорытындылады Рүстем Айменов.