Астанада полиция есірткі саудасымен айналысқан үш күдіктіні ұстады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық полиция «Құқық тәртібі» жедел-алдын алу шарасы аясында есірткі сатумен айналысқан 3 адамнан тұратын топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада полиция есірткі саудасымен айналысқан үш күдіктіні ұстады

20 тамызда бұрын сотталған 37 жастағы елорда тұрғыны ұсталды. Одан құрамында 350 грамм «гашиш» бар 5 полиэтиленді бума тәркіленіп, оның есірткі заттарын сатумен айналысқан екі сыбайласы да қолға түсті.

Тұрғылықты мекенжайлары бойынша тінту жүргізу кезінде құрамында «гашиш» бар 37 полиэтиленді бума, электронды таразы және 1 млн 165 мың теңге және 2260 АҚШ доллары сомасындағы ақша тәркіленді.

Сөйтіп заңсыз айналымнан 2,5 кг-нан астам «гашиш» тәркіленді, оның бағасы «қара нарықта» 1 миллион теңгені құрайды.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК 296-бабы («есірткі заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау») және ҚР ҚК-нің 297-бабы («қылмыстық топтың есірткілік заттарды аса ірі мөлшерде судалауы») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс - қимыл басқармасының қызметкерлері 81 қылмыстық істі қозғады. Олардың 66-сы есірткі заттарын саудалаумен байланысты. Заңсыз айналымнан 45 кг-ға жуық түрлі есірткі заттары тәркіленіп, 2 жасырын есірткі зертханасы анықталды. Сондай-ақ есірткі сатушылар тұтынушыларды тартқан 188 сайт бұғатталды.