Астанада полиция қызметкеріне қол көтерген жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 40 жастағы мас жүргізуші полиция қызметкеріне қол көтерген, деп хабарлады Алматы ауданы прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Қадағалау органынан хабарлағандай, 15 мамырда мас күйінде көлік басқарып келе жатқан жүргізушіні полиция инспекторы тоқтатқан.
«Мас жүргізуші әкімшілік құқықбұзушылық туралы құжатты рәсімдеп жатқан кезде қатты қарсылық білдіріп, билік өкілінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күш қолданған», - делінген хабарламада.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, азаматқа Қылмыстық Кодекстің 321-бабының 2-бөлігінде (билік өкіліне қатысты күш қолдану) көзделген айып тағылды.
«19 мамырда №2 Алматы аудандық соты тұтқындау түрінде бұлтартпау шараларын қабылдау туралы тергеушінің өтінішін қанағаттандырды, айыпталушы тергеу оқшаулағышына тоғытылды», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Қылмыстық іс бойынша тергеу Астана қаласы Алматы аудандық прокуратурасының бақылауында.