Астанада PR форум өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада мемлекеттік және корпоративтік коммуникацияны дамыту мәселесіне арналған кезекті форум өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Х Астана PR форумы өтіп жатыр. Өткен жылдары пандемияға байланысты онлайн ұйымдастырылды. Биыл дәстүрлі форматта өтіп жатыр. Бүгін күні бойы мемлекеттік органдар мен корпоративтік ұйымдардың қоғаммен байланысы мәселесі талқыланады. Яғни мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың баспасөз қызметі қалай жұмыс істеп жатыр, нені өзгерту керек деген секілді. Оның үстіне БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр. Заңға нендей өзгерістер қажет, баспасөз қызметі, қоғам және БАҚ арасындағы байланысты қалай жетілдіре түсу керек деген мәселелер ортаға салынбақ», - деді Қазақстан баспасөз клубының төрағасы Әсел Қарауылова.

Оның айтуынша, қоғам, баспасөз қызметі және БАҚ арасында өзара ашық байланыс болуы керек.
«Форум қорытындысы бойынша коммуникацияны дамыта түсуге қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді. Одан әрі ұсыныстар мемлекеттік органдар мен корпоративтік ұйымдарға жіберіледі. Жасыратыны жоқ, бізде коммуникация бойынша методикалық материалдар аз», - дейді ол.
Сондай-ақ, Қазақстан баспасөз клубының басшысы мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің жұмысына тоқталды.
«Әрине, барлық министрліктің баспасөз қызметі бірдей емес. Қоғам мен БАҚ-тың сауалына ашық әрі жылдам жауап беретін баспасөз қызметтері бар. Керісінше баспасөз өкілдерімен ашық жұмыс істеуді қажет ететін министрліктер де бар», - деді Ә. Қарауылова.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, форум соңында мемлекеттік органдар арасындағы үздік баспасөз қызметі және журналистер марапатталады.
Аталған шараға мемлекеттік және корпоративтік ұйымдардың өкілдері, БАҚ және PR саласының мамандары, журналистер қатысып жатыр.











