Астанада Президенттің өмірі мен қызметіне арналған көрме ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Ұлттық музейде «Елім деп соққан ұлы жүрек» атты кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кітап көрмесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағынан бастап, ел басқарудағы жүріп өткен сара жолы, сонымен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің тарихын баяндайтын дүниелер қойылған.
Шараның мақсат- ҚР Президентінің дара жолынан үлгі ала отырып жас ұрпақты Отанын, халқын сүюге, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
«Көрмеде президенттің ғұмырнамасынан бастап, туып-өскен жері, білім алуы мен қызмет жолының бастау алуынан бастап әлем таныған ұлт көшбасшысы болуына дейінгі сәттер мен уақытты баяндайтын дүниелер қойылған. Сондай-ақ, Елбасының әлем елдерінің басшыларымен кездесуінің көріністері мен халықаралық айтулы шараларда сөйлеген сөздерінің жинағы орын алған. Одан бөлек, көрменің бір бөлігін Астанаға арнадық өйткені елорданың өткені мен бүгіні Елбасының атымен тығыз байланысты екенін бәріміз білеміз», - деді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми кітапхана жетекшісі Толқын Дариш.
Сондай-ақ, көрмедегі Елбасының ғұмыры мен қызметінен сыр шертетін Н.Зеньковичтің «Имя, ставшее эпохой», Ж.Сааданбековтың «Законы лидерства» кітаптары бірінші рет көпшілік назарына ұсынылуда.
Желтоқсан бойы жұмыс істейтін көрмеге жалпы саны 200-ден аса еңбектер қойылған. Кітап көрмесінің ашылуына музей қызметкерлерінен бөлек, студенттер, мектеп оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.