Астанада «Радиология - 2010» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада «Радиология - 2010» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада «Радиология - 2010» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды

Аталмыш шара General Elektric компаниясының медициналық саладағы құрал-жабдықтарды шығаратын Healthcare бөлімшесі, Қазақстанның радиологтарының қауымдастығының ұйымдастыруымен, Денсаулық сақтау министрлігінің және Назарбаев университетінің қолдауымен өткізіліп отыр.

Рентген сәулелері ашылуының 112 жылдығы қарсаңында өтіп отырған мәжіліске Германия, Италия, Англия, Ресей, Қазақстан елінен келген медицинаның осы саладағы мамандары қатысуда.

«Елордадағы «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығынның аумағында ұйымдастырылған конференция бүгінгі негізгі отырысынан кейін, нейрорадиология, жаңа технологиялар арқылы түрлі қатерлі ауруларды ерте анықтау және оны емдеу бойынша шеберлік сыныптары, семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өткізілетін болады», дейді General Elektric Healthcare компаниясының ТМД-дағы аймақтық директоры Елена Кучерук.

Ал конференцияның екінші күнінде №2 қалалық клиникалық емханасының базасында тәжірибелік сабақтар өткізіледі. Бұл емханада GE Healthcare компаниясы тренинг орталық ашуды жоспарлап отыр.

«Конференцияның негізгі мақсаты - ағартушылық. Дәрігерлер радиологтар медицинаның осы саласындағы жаңа технологиялармен танысуына, өздеріне қажетті құрал-жабдықтарды таңдауына жағдай жасау. өздерінде бар техниканы тиімді қолдана алу біліктілігін арттыру», деп атап көрсетті Е. Кучерук.

Оның айтуынша, халықаралық деңгейде өтіп жатқан радиологиялық форумға қатысушы елдердің жинақталған тәжірибелері мен білімдерін ескере отырып, оны дамытудың перспективаларын айқындау жағы да тыс қалмақ емес.

Бұл конференцияда Назарбаев университеті өзінің медициналық факультетінің білім бағдарламасы жасақталуына байланысты, жекелей ғылыми баяндамаларды да қосу туралы ұсыныс тастаған. Оларды молекулярлық технологиялар тақырыбындағы жекелей тұстар қызықтырған көрінеді.

Жиында Ресей профессорлары Н. Рожкова, В. Корниенко, М. Гончаров (Мәскеу), П. В. Балахнин (Санкт-Петербор), Д. Соловьев (Cambridge Research institute) және Қазақстан радиологтары қауымдастығының президенті, профессор Ж. Хамзабаев баяндама жасайды.