Астанада ресейлік мамандар мектеп жасына дейінгі балалардың дене дамуы жөнінде семинар өткізеді
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - 19-20 қарашада №32 «Балдаурен» бала бақшасында қалалық мектепке дейінгі білім мекемелерінің медицина және дене шынықтыру қызметкерлеріне арналған «Мектепке дейінгі балалардың дене дамуы» тақырыбында семинар ұйымдастырылады. Бұл туралы Білім басқармасына сілтеме жасап astana.kz хабарлады.
Іс-шара барысында теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі. Теориялық бөлімде «Балаларды шынықтыру», «Балалардың қозғалыс белсенділігі», «Балалардың дене дамуы», «Жүзу бассейіндеріне қойылатын гигиеналық талаптар» және т.б. тақырыптарда 1-2 сағаттық дәрістер оқылады. Практикалық сабақтарда жалпы дамыту жаттығулары, күшті, келісімділікті, иілгіштікті дамытуға бағытталған жаттығулар жасалып, ойындар мен эстафеталар ұйымдастырылады.
Семинарды П.Ф. Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің (Санкт-Петербор) педагогтары - медицина ғылымдарының докторы, профессор, алдын алу медицинасы және денсаулық кафедрасының меңгерушісі Роза Цаллагова, гимнастика кафедрасының доценті, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Екатерина Пирожкова және баскетболдан Ресейдің еңбек сіңірген бапкері Олег Сгонников өткізеді. Сондай-ақ, семинарға Олимпиада чемпионы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигина да қатысады.