Астанада республикалық патриоттық әндер байқауы өтеді
АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - 25 қараша күні Астанада «Жас қыран» әскери патриоттық бірлестіктерінің республикалық дамыту орталығы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Жас әскерилер бірлестіктерінің республикалық штабының қолдауымен «Отан оттан да ыстық» атты жастардың әскери-патриоттық форумы аясында «Қазіргі заман қаһармандары» атты Республикалық патриоттық әндер байқауын өткізеді.
Бұл туралы «Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестіктері республикалық дамыту орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқаудың мақсаты - балалар мен жастарды рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тұрғыдан тәрбиелеу. Шақырылған қонақтар қатарында «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, министрліктер басшылары, ҰОС мен жергілікті соғыстардың ардагерлері, көрнекті қоғам қайраткерлері, саяси қайраткерлер, спорт қайраткерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, т.б. бар.
Байқауға кәсіби және кәсіби емес шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар қатысады. Қатысушылардың жас шамасы - 29 жасқа дейін. Ән байқауы барысында азаматтық пен отаншылдық идеяларын насихаттаған ең үздік ұжымдар, авторлар, орындаушылар анықталады. Байқау номинациялары- «Соло», «Дуэт пен трио», «Вокалдық ансамбльдер», «Хор». Бір алаңда әртүрлі буын өкілдері жиналады. Шара бағдарламасында тарихшы-этнографпен кездесу болады, сонымен қатар, әскери-патриоттық бірлестіктер үшін интернет жұмысын дамыту бойынша шеберлік-сыныптары өткізіледі.
«Қазіргі заман қаһармандары» байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Байқау қорытындысы бойынша әндер CD дискіге жазылып, мақсатты аудиториясына таратылатын болады.