Астанада республикалық веложарыс өтті
Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, Астана қаласының велоспорттан ашық чемпионатына еліміздің барлық өңірлерінен келген 100-ге жуық спортшы қатысқан.
Тас жолдағы республикалық веложарыс Жеңіс күніне арналған ашық чемпионат шеңберінде ұйымдастырылды. Жарыс жолы ретінде веложол таңдап алынды.
«Шара Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру бағытында өткізілуде, - деп мәлім етті «Астана орманы» ЖШС даму жөніндегі басқарушы директоры Юсуп Келигов. - «Еліміздің дамуы шеңберінде - адами капиталдың дамуы, ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ретінде ең алдымен білім мен денсаулық».
Жарысқа облыстардың, Астана және Алматы қалалары құрама командаларының мықты спортшылары, және Қазақстанның өңірлік велоклубтарының 15-16 жас аралығындағы (2001-2002 жылы туған) және одан кіші жастағы мүшелері қатысуда.
Жігіттер арасында астаналық Владислав Эйхорн (нәтижесі - 0:32:47) үздік атанса, II орын Нұржан Хатпин (Астана), қола қостанайлық Денис Бурнашовқа бұйырды.
Жарыс аяқталған соң жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, «Сарыарқа» велотрегінде марапаттау рәсімі өтті.
Шараның ұйымдастырушылары: «Астана орманы» ЖШС-ы, Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, қалалық спорттық-бұқаралық шараларды өткізу жөніндегі дирекциясы, №6 балалар мен жасөспірімдердің олимпиада резервінің спорттық мектебі, Қазақстанның велосипед спорты федерациясы, Астана қалалық велоспорт федерациясы және елордалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.
Айта кетерлігі, «Астана орманы» ЖШС-ның негізгі қызметі - Астана қаласының Жасыл белдеуін күтіп-баптау және дамыту, елорда тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыру, «Жол сүрле жол желісі» веложолының аумағында түрлі спорттық шаралар ұйымдастыру.