Астанада рейд барысында 100-ге жуық діни кітап тәркіленді

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес тек 8 орында ғана діни әдеби кітаптардың сатылымына рұқсат берілген.

Астанада рейд барысында 100-ге жуық діни кітап тәркіленді

Аталған 8 орынға қоса діни әдебиеттерді өз ауласында таратуға ресми тіркеуден өткен 47 діни бірлестік құқылы. Алайда,  бас пайдасын көздеген  алып-сатарлардың жолы әлі де кесілер емес. Астана қаласының өзінде 41 сауда орнында діни кітаптар заңсыз сатылуда деген ақпарат бар.

«Департаментке, агенттікке келіп түскен материалдар бойынша таралып жатқан ақпараттардың сын көтермейтіндігін байқаймыз. Өйткені,  ол ақпараттар үйде басылып шығуы мүмкін, авторлары белгісіз, қай бағытта екенін ешкім білмейді. Осының негізінде көп жағдайда халық алданып қалады», - дейді Астана қаласы Дін істері департаментінің директоры Жорабек Дәуренов.

Ал кітап дүкенінің иесі Рафаэль Қанбабаевтың пікірі мынадай: «Білуімше, балалар әдебиетінен гөрі, діни кітаптар сұранысқа көбірек  ие. Сондықтан,  оларды сөреден алып тастағаннан халыққа пайда болады деп ойламаймын. Оның үстіне, сенімді баспалармен жұмыс істеймін. Кітаптардың ішінде  артық нәрсе болуы мүмкін емес».

Бүгінде Астана қаласының әкімдігі, Қалалық прокуратура, Дін істері департаменті заңсыз діни кітаптарды таратушылармен күресу үшін арнайы рейд жүргізуде. Тексеру нәтижесінде 100-ге жуық діни кітап тәркіленіп, дүкен  иелеріне  қатаң ескертулер жасалды.