Астанада Рим ұлттық би академиясының өнер тобы «Сильфида» романтикалық балетінің премьерасын өткізуде

Белгілі балеттің қойылымын итальяндық өнер тобы іс жүзіне асыруда. Қоюшы хореограф - Ұлттық Рим би Академиясының ректоры Маргерита Паррилла, балетмейстердің ассистенті - Массимилиано Скардакки, қоюшы суретші - Ева Коен.
«Сильфида» - әлемдегі ең алғашқы романтикалық балеттердің бірі және балет өнерінің шыңы болып саналады. «Сильфидамен» бірге «ақ балет» классикалық үлгісі өмірге келді. Ақ муслиннен жасалған костюмдер, пуанттар алғаш рет қолданылып, балет жанрының негізгі келбетіне, басты атрибутына айналды. Ол сол заманның ең үлкен танымалдығына ие болып, кейін балет жанрындағы «Жизель», «Пери», «Аққу көлi» сынды классикалық туындылардың нақышына, би салтына үлкен әсерін тигізді.
«Сильфида» мен «Жизельден» бұрын балет өнері біз білетін мұндай бітімге, түр-тұлғаға әлі ие болған жоқ еді»,-дейді Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев. «Сіздер бүгін балет өнерінің бастауын, классикалық би өнерінің дүниеге келгендегі пошымын көресіздер»,-деп атап көрсетті Т. Әлпиев.
«Балет бишісіне «Сильфида» бейнесінде билеп шығу өте ауыр келеді. Себебі оның биі өте жинақы, әрбір қимылы бақылауда болуы шарт. Джеймс персонажы да өте қызықты. Ол шынайы емес және шынайы махаббат арасында, түсіндегі керемет сұлулыққа ие періште мен өзінің осы өмірдегі қалыңдығы арасында таңдау жасауы тиіс. Оның келбетіндегі аталған екіжақтылықты беру өте қиынға соқты. Сондықтан хореограф Массимилиано Скардакки бұл триоға үлкен мән берді. Сонымен қатар біз Левенсхольдтың бұрындары еш жерде ойналмаған музыкасын тауып алдық. Және оны осы балеттегі триоға арнап қоюды шештік»,-деді Ұлттық Рим би академиясының директоры Маргерита Паррилла.
«Сильфида» - француз жазушысы Шарль Нодьенiң 1822 жылы жазылған «Трильби» фантастикалық новелласының желiсi бойынша құрылған, екi көрiнiстен тұратын балет. Францияның атақты композиторы Жан Шнейцхоффер мен балетмейстер Филиппо Тальонидiң қойылымындағы балеттiң алғашқы премьерасы 1832 жылдың 12 наурызында Париждiң Гранд-Опера сарайында өттi. Басты партияны балетмейстердiң қызы, әйгiлi балерина - Мария Тальони ойнады. Сол жылдың маусым айында аталған балет Лондонның Ковент-Гарден сарайында қойылады. Арада жыл өткен соң Петербор сахнасы мен Италияның Ла-Скаласында премьералары өтеді. Алайда төрт жылдан соң балеттiң екiншi нұсқасын 1836 жылы атақты даниялық биші әрі балетмейстер Август Бурнонвиль жасап шығарады. Оның нұсқасы алғаш рет Копенгагеннiң Корольдiк операсында қойылды. Балеттiң музыкасын жазған Херман Левенсхольд. Балеттің сәттi шыққаны соншалық, ол өнер тарихына енiп, бүгiнде әлемнiң айтулы сахналарында қойылып келедi.
Елордада «Сильфида» балетінің премьерасы екі күнге жалғасады.