Астанада рульсіз автобус айдаған жүргізуші жұмыстан шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қоғамдық автобусты рульсіз басқарған жүргізуші мен ондағы кондуктор жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада рульсіз автобус айдаған жүргізуші жұмыстан шығарылды

«Техникалық ақау бойынша автобус жүргізушісі көмек күтуі тиіс еді. Ыңғайсыз жерге тұрып қалғандықтан, жүргізуші көлік ағынына кедергі келтірмеу үшін және автобусты қауіпсіз жерге қою үшін рульсіз көлікпен бірнеше метр жүрген. Сол сәтте кондуктор оны бейнекамераға түсіріп алған. Әлеуметтік желіде тез тараған бұл видео көпшіліктің наразылығын туғызды. Салдарынан жүргізуші мен кондуктор жұмыстан шығарылды», - деп хабарлады «Астана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры Науат Азанбаева.

Астана LRT бұл оқиғаны жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысындағы барлық тұрғындарға қауіп төндірді деп есептейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде жол ортасында автобусты рульсіз айдап келе жатқан жүргізушінің видеосы пайда болған еді.