Астанада «С.Сейфуллин оқулары-10» халықаралық конференциясы өтуде (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ақиық ақын, көрнекті мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған «СЕЙФУЛЛИН ОҚУЛАРЫ - 10: Мемлекеттің индустриалды-инновациялық саясатын құрудағы бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау келешегі мен ғылымның рөлі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өз жұмысын бастады.

Астанада «С.Сейфуллин оқулары-10» халықаралық конференциясы өтуде (ФОТО)

Осы алқалы жиын барысында елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытудың индустриалдық-инновациялық жолдары, ғылым мен білім саласында зерттеу университеттерін құру туралы алыс және таяу шетелден арнайы келген ғалымдар пікірі тыңдалып, осы мәселе төңірегінде қызу пікірталастар өрбіді.

«Зерттеу университетіне трансформациялаудағы алғашқы қадамдар» атты баяндамасында университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев университтеттің болашақтағы даму бағытына кеңінен тоқталды. Университетіміздің профессорлық - оқытушылар құрамының да біліктілігін көтеру бағытында кешенді жұмыстар атқарылып, «Болашақ» бағдарламасымен 45 ұстаз біліктілігін көтеріп келгендігін, әлемге танымал ғылыми-зерттеу институттар мен орталықтармен берік ынтымақтастық әріптестік байланыс орнатылғанын баяндап өтті.

Сондай-ақ, Назарбаев университетінің Провосты Сайман Джонстың ғылымды әлемдік деңгейге шығарудың мүмкіндіктері туралы сараптамасы тыңдалып, АҚ «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің» корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры Б.Айтілеу индустриалды-инновациялық дамудағы инновациялық саясат жайлы баяндаса, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылық министрлігінің вице-министрі Е.Нысанбаев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың келешегі туралы әңгімеледі.

Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Е.Сыдықов С.Сейфуллиннің 120 жылдығына орай танымал сәкентанушылардың зерттеу жұмыстарына тоқтала келе, университетке жаңадан табылған «Сәкеннің қоштасуы» атты өлең қолжазбасының түпнұсқасын тарту етті.

Конференцияда мемлекетіміздің агроөнеркәсіптің кешенін индустриалды-инновациялық дамыту жайлы Польша, Венгрия, Эстониядан келген танымал ғалымдар мен отандық ғалымдардың тың баяндамалары тыңдалды.

Екі күнге созылатын «С.Сейфуллин оқулары-10» халықаралық конференциясы ертең де өз жұмысын жалғастырмақ.