Астанада Сабантой мерекесі тойланды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада татар мен башқұрттың ұлттық мерекесі Сабантой өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Дәстүрлі мереке көптеген түркі халықтарының ең маңызды оқиғалар күнтізбесіне кіреді. Шара қаламызда тұратын түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бірігуіне жол ашады.
Рафик Валиев, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ төрағасы: - Сабантой мерекесі жыл сайын аталып өтіледі. Бұл мереке ерте замандарда пайда болған. Ауыл адамдары көшеге шығып, тамақпен бөлісіп, би билеп, күресіп, бір-бірін іс тігуге үйреткен. Сабантойды барлық елорда тұрғындары мен қонақтары үшін өткіземіз. Біз Астана күні мерекесін бастап отырмыз. Елорда тұрғындарына Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығында жақсы демалып, көңіл көтеріп, шеберліктерін ортаға салуға шақырамын. Бүгінгі Сабантойды тойлауға эстрада мэтрлері, Қазан қаласынан еңбек сіңірген әртістер, Қостанай мен Қарағандыдан би ұжымдары келді. Әр түрлі этномәдени бірлестіктер өкілдері де сахнада өнер көрсетіп, жиналғандарды тәнті етті.