Астанада садақ жасайтын шеберлер жамбы ату спортын дамытуды талқылады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада еліміздегі этникалық «Жамбы ату» спортын дамыту мақсатында «Жамбы ату» спортын дамыту жолдары: ұлттық садақ-жебе жасау және киім үлгісі» атты семинар-кеңес ұйымдастырылды.

Астанада садақ жасайтын шеберлер жамбы ату спортын дамытуды талқылады (ФОТО)

Аталмыш жиынға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли және ұлттық садақ ату өнерін зерттеп жүрген этнограф-ғалымдар мен қазіргі таңда этникалық жақ-садақ түрлерін жасап жүрген шеберлер қатысты.

Семинар-кеңестің мақсаты - қазіргі таңда еліміз көлемінде этникалық садақ және жебе жасап жүрген шеберлердің басын қосып, тәжірибе алмасу. Семинар барысында Қазақ жауынгерлері қандай жақ (садақ) және нендей жебе түрлерін пайдаланғаны жайлы құнды ойлар айтылды. Осындай шаралар жамбы ату спортының байырғы жауынгерлік өнер ретіндегі этнотанымдық маңызын түсіндіруде үлкен рөл атқарады. Болашақта жамбы ату спортын дамыту үшін атыс түрлерін (ат үстінде қозғалыста ату, ат үстінде қозғалыссыз ату, жаяу жүріс-жүгіріс барысында ату т.б.) нақтылап, осы әдістерге сай садақ түрлерін таңдау жоспарланған, деп хабарлайды nurotan.kz.