Астанада Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткіші ашылды
«Жас ұлан» республикалық мектебінде өткен С.Қ. Нұрмағамбетовтің ескерткішінің ашылу рәсімінде министр аталмыш шараның Қазақстан Қарулы күштері үшін тарихи маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысының бастамасымен және тікелей қолдауымен «Жас ұлан» мектебіне Сағадат Нұрмағамбетовтің аты берілгендігін атап өткен С.Ахметов: «Бұл оқиға ҚР тұңғыш қорғаныс министрінің Қазақстан армиясын құруға сіңірген еңбегін тану болып табылады», - деді.
«Даңқты генералдың өмір жолы - әскери қызметкерлердің талай буыны үшін ерлік пен Отанға шынайы берілгендіктің үлгісі болады. Ал, оның есімі тәуелсіз Қазақстанның тарихында және ел есінде мәңгілік қалады», - деді С.Ахметов.
Салтанатты іс-шараға сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.