Астанада сағаттар коллекциясы көпшілік назарына ұсынылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Музей жинақтарынан «Уақыт Құдыреті» көрмесі ашылады. Музей жинақтарының сағаттар коллекциясы алғаш рет көпшілік қауымның назарына ұсынылмақ, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Экспозицияға сағат жасау өнерінің биік шыңына жеткен әр түрлі және сирек кездесетін 60-тан астам туынды қойылады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейіне мемлекеттік сақтауға берілген Н.Ә. Назарбаевқа әр жылдарда табыс етілген дипломатиялық сыйлықтар коллекцияның негізін құрайды. Көрмеге қойылатын жәдігерлер арасында механикалық, кварцты және электронды сағаттар, сыйға берушілердің арнайы тапсырысымен жасалған; ХІХ ғасырдан сыр шертетін антиквариат; 3000 жылға дейін есептелген күнтізбелік және т.б. сағаттар бар. Қалта, қол, үстел, қабырға, каминдік және еденге қойылатын сағаттар топтамасы ерекше көз тартады. «Уақыт Құдыреті» көрмесі 2016 жылдың 31 қаңтарына дейін жалғасады.