Астанада «Сағаттар сыр шертеді» көрмесі ашылды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - 18 мамыр - халықаралық мұражай күні. Осы күнге орай, бүгін ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Сағаттар сыр шертеді» атты сағат көрмесі ашылды.

Астанада «Сағаттар сыр шертеді» көрмесі ашылды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш көрме уақыт пен тарихтың тылсым да ажырағысыз байланысын бейнелейді.

Көрмеге Швейцария, Австрия, Ресей елдерінен шыққан «Longines», «Omega», «Orient», «Слава», «Янтарь», «Павел Буре» сынды сан алуан белгілі сағат маркалары, сондай-ақ аты аңызға айналған тұлғалардың қол сағаттары және осы тақырыпқа сай 50-ден астам өзге де жәдігер қойылған.

Сонымен қатар көрме қонақтары XIX-XX ғасыр шеберлерінің туындыларын, классикалық стильде әшекейленген қабырға сағаттардың әртүрлі үлгілерін, күнделікті және қалта сағаттарының ерекше дизайнын тамашалай алады.

Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне және ҰОС кезеңіне жататын сағаттар жәдігерлер арасынан айрықша орын алады. Атап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрынғы Литва Президенті А.Бразаускас тарту еткен үстел сағаты, ақын Мағжан Жұмабаевтың, дарынды қазақ математигі Әлімхан Ермековтің сағаттары ерекше қызығушылық тудыруда.

«Мұражай қорында сақтаулы жатқан тарихи жәдігерлер көп, біз бүгінгі көрме арқылы сол мұраның бір шоғырын жұртшылық назарына паш етуді жөн көрдік, әр жәдігер - тарих тұңғиығының бір тамшысы іспетті өткен оқиғаны ұрпақ есіне салады», - деді шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президенттік Мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбек.

Көрмеде жұртшылық назарына ұсынылған жәдігерлер ҚР Президенттік мәдениет орталығының қорынан алынған.

«Сағаттар сыр шертеді» көрмесі 25 мамырға дейін жұмыс істейді.