18:35, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада Сәкен Сейфуллиннің қаза болған күніне орай кеш өтті
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің қаза болған күніне орай «Рухтарды көмбейді қара жерге» атты еске алу кеші өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеш университет алдында ақынға орнатылған ескерткіштің маңында өткен митингіден басталды. Оған ақынның немере қызы Рымжан Сейфуллина, ақындар Кәкімбек Салықов, Нұрғожа Ораз, С.Сейфуллин атындағы мұражайдың директоры Серік Тұрғынбеков, жазушы Қойшығара Салғараұлы, Сәкентанушы жазушылар Марат Әбсеметов пен Амантай Кәкен және ақынның туған жерінен келген басқа да туған-туыстары қатысты. Кеш барысында «Бір жалт еткен ғұмырың...» атты көрме ұйымдастырылды. Оған С.Сейфуллиннің кітаптары, ол тұтқынға алынған 1937 жылдан бастап жүргізілген құжаттар мен өзге авторлардың ақын туралы жазған кітаптары қойылды. Сондай-ақ, жиында ақынның лирикалық өлеңдері, поэмасынан үзінділер, сазды әндер мен арнау өлеңдер оқылды. «Сәкен Кеңес одағын өз қолымен орнатып, сол одақтың қолынан қаза болды. 1937 жылы тұтқындалғаннан кейін оны ешкім көрген жоқ. Тек оның жұбайы Гүлбаһрамға бір рет көздесуге рұқсат берілді. Сол жылдары халық жауы деп танылғандарды күніне 43 адамнан атып отырды. Нәтижесінде 100 мыңнан астам маңдайалды ағаларымыз қызыл террордың құрбаны болды», - деді Р.Сейфуллина.Оның айтуынша, ақыннан хабар тек 1958 жылы КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасынан келген. Онда «1938 жылы ақпанның 25-і күні қылмыстық жазаның ең ауырына кесілгендердің 39-ы атылды. Оның ішінде Сәкен Сейфуллин де бар.Ол өлгеннен кейін ақталды», деп жазылған.