Астанада салық төлеушілерге консультациялар беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 29 қаңтарда «Артем» сауда үйінде (2-қабат, 156-бутик) сағат 11:00 - 18:00 дейін Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері консультациялар беріп, Салық кодексін түсіндіру бойынша семинарлар өткізеді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Шара барысында салық есептілігінің формаларын (910.00, 911.00) толтыру, жылжымайтын мүлік пен капиталды заңдастыру, бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды пайдалану және т.б. бойынша кеңестер беріледі.
Бұдан басқа, төменде көрсетілген телефондар бойынша салық заңнамасы туралы барлық қажетті ақпаратты алып, сауалдар жолдауға болады: бірыңғай байланыс орталығы - 1414 немесе 8-800-080-7777.
Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: қазіргі кезде Ұлттық экономика мен қаржы министрліктері біріккен Салық және Кеден кодекстерін әзірлеуде.
Кодексті әзірлеудің мақсаты салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін салықтық және кедендік рәсімдерді біріздендіру, оларды жетілдіру және оңайлату болып табылады.
Ұсыныстарды жинақтау, қарау, талдау және талқылау үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтында тақырыптарға бөлінген форум ашылды.