Астанада салынатын «Әбу-Даби Плаза» кешені биіктігі жағынан әлемдегі 14-ші ғимарат болады

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Астанада салынатын «Әбу-Даби Плаза» кешені 82 қабаттан тұрады. Оның ең биік мұнарасының ұзындығы – 382 метр. Бұл кешен биіктігі жағынан әлемдегі 14-ші ғимарат болады.

Астанада салынатын «Әбу-Даби Плаза» кешені  биіктігі жағынан әлемдегі 14-ші ғимарат болады
Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында Астана қаласында «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылысын салу жөніндегі келісімге қол қойылғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, аталмыш кешеннің жобасына салынатын инвестицияның құны алдын-ала бағалау бойынша 1 млрд. доллардан асып отыр. «Менің ойымша қазіргідей күрделі уақытта бұл біздің экономикамыз үшін жақсы белгі. Жоба Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың БАӘ-нің Президентімен жеке уағдаластығының арқасында жүзеге асырылғалы отыр. Кешен ең озық сәулет және құрылыс технологиялары бойынша салынады. Сәулетшісі ? Норман Фостер», деді Ә. Исекешев. Оның айтуынша, көпфукциональды кешенде түрлі отельдер, шопинг орталықтар, бизнес орталықтар, тұрғын үй кешендері орналасатын болады. «Аталмыш кешеннің жобасы бойынша жұмысты инвесторлар шілде айында бастау үшін Үкімет, Астана қаласының әкімдігі бәрін жасайды. Кешеннің құрылысы 2013 жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл жоба елорданың жаңа інжу-маржанына айналады», - деді министр.