Астанада Саммит күндері шетелдік ҮЕҰ және БАҚ өкілдерімен жұмыс жасайтын жедел штаб құрылды
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада ЕҚЫҰ Саммиті мен оның аясында өтетін Шолу конференцияға қатысатын шетелдік үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдармен жұмыс жасайтын жедел штаб құрылды.
Штабтың жұмысы шет елдерден келетін ҮЕҰ және БАҚ өкілдерімен әртүрлі мәселелер бойынша жедел жұмыс жасауға бағытталады. Соның ішінде меймандарды қазақстандық әріптестерімен етене таныстырып, байланыстар орнату көзделген.
«Бұл күндері отандық және шетелдік ҮЕҰ-ларға өзара ықпалдастықтар орнатуларына мүмкіндіктер жасалып, кездесулер ұйымдастырылады. Біздің үкіметтік емес ұйымдарға халықаралық деңгейге шығатын кез жетті. Әрине, бұл жұмыстар қазір де жүргізіліп жатыр, бірақ бұл үрдістің қарқынын үдету керек», - дейді аталмыш Штабтың үйлестірушісі Елена Губушкина.
«Алматы» бизнес орталығында (Иманов көшесі, 19) орналасатын жедел штаб жұмысына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін еріктілер жұмылдырылған. Штаб Астана қаласы ішкі саясат басқармасының қолдауымен, Қазақстанның Азаматтық альянсы мен Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау орталығының ұйымдастыруымен құрылды.
Еске салайық, 1,2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне алыс және таяу шет елдерден 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басшылары келеді деп күтілуде. Бүгінгі күні Қазақстанда 12 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Олардың ішінде жұмыстары әлеуметтік мәселелерге бағытталғаны - 6 мың.