Астанада Сарайшық қаласын сақтау мәселесі талқыланады
Ғылыми мәжіліске 40-тан астам отандық және шетел ғалымдары қатысады. Барлығы ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтап қалу бойынша шаралар мен ғылыми зерттеулердің қорытындысын талқыға салмақ. Конференцияның негізгі мақсаты - қалашықты қалпына келтіру мен бұзылудан сақтау мәселелеріне жоғары білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудару. Себебі бүгінгі таңда табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қалашығының жағдайы министрліктің, әкімдіктің, қоғам мен ғалымдардың алаңдаушылығын туғызуда.
«Ғылыми конференцияға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Парламентінің депутаттары, тарих ғылымдарының докторлары, белгілі археологтар З.Самашев, К.Байпақов, Ж.Таймағамбетов, Б. Көмеков, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғ.Есім, А. Бақтыгереева, М. Құлкенов, Қ.Жылқышиев тәрізді қоғам және мәдениет қайраткерлері, жақын және алыс шетел ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері және БАҚ қатысады. Сонымен қатар, конференция аясында Сарайшық қалашығы тарихына арналған көрме ұйымдастырылады. Көрмеге ежелгі қалаға қатысты көптеген құнды археологиялық бұйымдар, картиналар және тағы басқа заттар қойылады», - делінген ресми хабарламада.