Астанада сәуірдің 18-і ? жалпықалалық сенбілік күні
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Сәуірдің 18-інде Астанада жалпықалалық сенбілік өтеді. Соған орай бүгін Астана әкімінің орынбасары Василий Крылов қаладағы коммуналдық шаруашылықтар мен мемлекеттік құрылым басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңесте елордада сенбілікті өткізуге байланысты мәселелер талқыланып, сенбілікке қатысушы мекемелердің жұмыс кестелері пысықталды. Сенбілік барысында қаланы қоқыстардан тазартудан бөлек, аялдамалар, бағдаршамдар мен жол белгілері, жерасты өткелдері жөнделмек. Ұсқынсыз және заңсыз жарнамалар алынып тасталады. Оған 100 жүк артатын, 400 жүк тасымалдайтын көліктер тартылады. 85 мыңға жуық адам сенбілікке жұмылдырылады деп күтілуде.
Жалпықалалық сенбілік сәуірдің 11-і мен мамырдың 11-і аралығын қамтитын экологиялық айлық аясында ұйымдастырылуда.