Астанада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні бірқатар шаралар ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Тарихымыздағы қаралы күндерді естен шығармай, жадымызда сақтауымыз қажет. Осыған байланысты елордада өткізілетін шаралар туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Білім басқармасынан баяндады.

Астанада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні бірқатар шаралар ұйымдастырылады

«АЛЖИР» мұражайында «Еске алу қабырғасына» және 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған монументке гүл қою рәсімі және митинг ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайда «Арманда кеткен арыстар» тақырыбында экскурсиялар өтеді. Ал театр сүйер қауым бұл күні Қ,Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклін тамашалайды. Тәуелсіздік сарайында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына «Территорияны жоқтау» атты көрме ұсынылады. Көрме тамыз айының ортасына дейін өтеді.

Айта кетейік, Қазақстанға барша Кеңес одағынан миллиондаған адам жер аударылды. «Халық жауын» анықтау саясаты талай адамның, отбасының өмірін жалмады, миллиондаған қазақ 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды.