Астанада сайлау тыныш жағдайда өтіп жатыр - елорда әкімдігі
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Астана қалалық мәслихатының депутаттығына 77 адам үміткер.
Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Астанада сағат 6.00-де 183 сайлау учаскесі ашылды. Халықаралық және отандық байқаушылардың, сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің қатысуымен сайлау жәшіктері ашылып, бюллетеньдер саналды. 20-30 минуттан соң алғашқы сайлаушылар келе бастады. Бірақ сайлау сағат 7.00-де Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалған соң басталды.
Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауда Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің конституциялық құқығын Қазақ гуманитарлық заң университетінде орналасқан №193-інші сайлау учаскесінде жүзеге асырды.
Жалпы алғанда, Астанада сайлау тыныш жағдайда өтіп жатыр, сайлаушылар белсенділігі жоғары деңгейде. Сайлау 20.00-ге дейін жалғасады.
Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылғы 15 қаңтарға Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын тағайындағаны белгілі. Мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына үміткерлерді ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан аралығында жүргізілді. Астана қалалық мәслихатының депутаттығына 77 адам үміткер.