Астанада семинар барысында оқытушылар «Тазалаушы» роботты құрастыруды үйренді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық мектептерде жұмыс дағдысын кеңейту үшін түрлі семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Тиісті шаралар барысында олар жаңа білім алады. Басым салаларға компьютерлік технологиялар, соның ішінде робототехника жатады. Робототехника - өндірістің маңызды техникалық негізі болып табылатын автоматтандырылған техникалық жүйелер құрастырумен айналысатын қолданбалы ғылым.

Астанада семинар барысында оқытушылар «Тазалаушы» роботты құрастыруды үйренді

22-24 қаңтар аралығында №76 мектеп-лицейде «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының қатысуымен қалалық мектеп оқытушыларына арналған «Қазіргі заманғы мектептегі робототехника» атты семинар өтті. Семинарға елордалық мектептерден 37 педагог қатысты.

Семинардың мақсаты - оқытушылар мен оқушыларды робототехника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат пен бастапқы инженерлік біліммен алмасуға тарту, жаңа ғылыми-техникалық идеяларды дамыту.

Семинарға қатысушылар роботоплатформаның құрамдас бөліктерін басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламалаудың және бағдарламалар жазудың негізгі түсініктерімен танысты. Робототехникалық конструктордың негізінде 3D-модельдеуді де үйренді, 3D-құрастыру мен 3D-баспаның негізгі түсініктері тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Семинар соңында қатысушылар пультпен басқарылатын жолдағы кедергілерді көріп, автоматты түрде жарықты қосатын қарапайым «Тазалаушы» роботты құрастырды, деп жазады astana.kz.

2
3