Астанада Сенат депутаттығына кандидат Серік Жақсыбеков дауыстың басым бөлігін жинады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламент Сенаты депутаттығына сайлау аясында Астана қаласы атынан көп дауыс жинаған кандидаттың есімі белгілі болды.

Астанада Сенат депутаттығына кандидат Серік Жақсыбеков дауыстың басым бөлігін жинады

Елорда атынан Сенат депутаттығына кандидат ретінде Серік Жақсыбеков, Александр Смородин, Бейсембек Қаратаев ұсынылды.

Астанадағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында елордалық мәслихат депутаттарының басым бөлігі өз дауыстарын Серік Жақсыбековке берді. Атап айтқанда, дауыс беру үдерісіне таңдаушылардың 25-і қатысты. С.Жақсыбеков дауыстардың 23-ін жинаса, екінші кандидат Александр Смородинге таңдаушылардың екеуі дауыс берді. Дауыс беру барысында ешқандай ескертулер түспеді.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда ҚР Парламент Сенаты депуттарының сайлауы өтіп жатыр. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Парламент Сенатына депутаттар сайлауы 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 69-бабымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2-тармақшасына сәйкес 2014 жылдың 1 қазанына белгіленген. Еске сала кетейік, Сенат депутаттарының сайлауына 39 үміткер қатысады.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 29 қыркүйек күні сағат 24.00-де үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аяқталды. Үгіт-насихат шарасының аясында сайлаушылармен 11-29 қыркүйек аралығында аймақтарда 266 кездесу өтті. 30 қыркүйек, сонымен бірге дауыс беру күні - 1 қазанда кез келген сайлауалды үгіт-насихатқа тыйым салынды.

Сайлау заңнамасының талабына сәйкес қазіргі уақытта таңдаушылардың барлық тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Таңдаушылардың бірлескен отырысы егер оған облыстың барлық мәслихаттарынан сайланған депутаттардың 50 пайыздан астамы қатысса, заңды болып саналады. Дауыс беру өтті деп саналу үшін, оған таңдаушылардың бірлескен отырысында 50 пайыздан астамы қатысуы керек. Сайлауға қатысқан таңдаушылар даусының 50 пайыздан астамын жинаған үміткер сайланған деп саналады.