Астанада «Серпер» музыка фестивалінің қорытынды концерті өтіп жатыр
Қазақстан мен Ресейдің әртістері 3 күн бойы түрлі халық әуендерін орындап, көпшілікті тамсандыруда. Алайда бүгінгі қорытынды концерттің басты бір ерекшелігі бар. Шараға қатысып отырған 7 ансамбльдегі 300 адам бірігіп, бір туындыны орындамақшы. Бұл музыкалық ұжымдардың арасында қызылордалық халық аспаптары оркестрі, Ақмола облыстық филармониясы оркестрі, Ақтау мен Өскемен қалаларынан келген ансамбльдер бар. Ал фестивальдің басты қонақтары Башқұртстан Республикасының ұлттық халық аспаптар оркестрі мен Омбы қаласының «Лад» орыс камералық оркестрі болды. Әрине, түрлі ұлт өкілдерінің бірігіп, қазақ халық әуендерін орындауы естуге де, көруге де тұрарлық көрініс екендігі сөзсіз.
Естеріңізге салайық, «Серпер» фестивалі 4 шілдеде басталды. Өткен 2 күн ішінде халық аспап оркестрлері елордамыздың бірнеше саябақтарында концерттер беріп үлгерді.