Астанада Service Desk қызметі мен Серверлік орталықтың тұсаукесер рәсімі өтті
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да Service Desk қызметінің және Серверлік орталығының тұсаукесер рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейінгі кезде ақпараттандыру жүйесі Үкімет тарапынан өте жақсы қолға алынып отыр. Электрондық үкімет, мемлекеттік базалар, жеке, заңды тұлғалар, мекен-жай базалары құрылып жатыр. Осылар құрылып біткеннен кейін пайдалану үдерісі жүреді. Егер пайдаланушылар тарапынан түсінбеушілік туындаған жағдайда көмек беру үшін осындай бағдарлама ашылып отыр», деді аталған орталықтың атқарушы директоры Төлеген Төлеев таныстырылым барысында.
Service Desk қызметі компанияішілік, сондай-ақ клиенттер мен әріптестермен өзара әрекетте ІТ-үдерістердің тиімділігін арттыруға бағытталған. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты - өндірістік бөлімшелердің және ІТ-инфрақұрылымдардың белсенді және сақтықты ескертетін қызмет көрсету сапасын жоғарылату. ІТ-қызметтерді қолдауды ұйымдастыру мен ІТ-қызметтерді ұсыну ІТ-бөлімшелердің жұмыс сапасына тікелей байланысты аумақты компьютерлік паркі мен басқа да жабдықтары бар ірі компанияларға бағытталып отыр.
«Service Desk» қызметінің Қазақстан бойынша бірыңғай телефон нөмірі бар, оған тегін хабарласуға болады. Ағымдағы жылы ICO/IES 20000:2005 халықаралық стандарты бойынша сертификаттан өтуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта бізге күніне 200-ге жуық хабарлама түседі, оның басым бөлігі мемлекеттік органдардан», дейді басқарма төрағасының орынбасары Қ.Өтепов.