Астанада шағын футболдан прокуратура қызметкерлері арасында ҚР Бас Прокурорының кубогі ойнатылды

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада шағын футболдан прокуратура қызметкерлері арасында ҚР Бас Прокурорының кубогі жолындағы жарыс аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада шағын футболдан прокуратура қызметкерлері арасында ҚР Бас Прокурорының кубогі ойнатылды

ҚР Прокурорының Кубогі биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Оңтүстік, Шығыс, Орталық, Батыс, Солтүстік аймақтар бойынша командалар жасақталып, өзара кездесулер өткізді. Ол кезеңнен сүрінбей, үздік атанған 6 команда: Атырау, Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстарының құрамалары, Алматы қаласы мен ҚР Бас Прокурорының құрамасы бүгінгі ақтық турға қатысты.

Тартысты өткен ойындарда ҚР Бас Прокурорының құрамасы мықтылық танытып, Кубогті жеңіп алды. Екінші орынды Қарағанды облысының прокуратурасы еншілесе, Алматы қаласы үшінші орынға ие болды.

«Аталған сайыс келе жатқан Қазақстан республикасының Ата Заңы - Конституциямыздың 15 жылдығына арналып отыр. Осы мерекелеріңізбен барлықтарыңызды құттықтаймын. Спортқа құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура қызметкерлері әрқашан бейім болулары керек», деді жеңімпаздарды марапаттау кезінде ҚР Бас Прокуроры Қайрат Мәми.

Қ. Мәмидің айтуынша, кубок турнирі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін болады.