Астанада «Шапағат-2011» байқауының үздік өнертапқыштары анықталды
ҚР Әділет министрлігі Ұлттық меншік құқығы комитеті және «Интеллектуалдық меншік ұлттық институты мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының» ұйымдастыруымен өткен байқау қорытындысы бойынша «Жылдың ең үздік өнертабысы» жүлдесіне Виталий Харченконың «Аяқ бастарының ортопедиялық аппараты», Алмат Салғариннің «Автокөліктің жылдам жүрісінің қауіпсіздігін арттыру тәсілі», Валентин Двуреченскийдің «Топырақты жыртпай өңдеуге арналған түрен» жобалары ие болды. Ұйымдастырушылардың атап өткеніндей, олардың өнертабыстарына инновациялық патент табысталды.
Сонымен қатар байқау барысында «Өнертапқыш-әйел» аталымы бойынша екі жүлде сарапқа салынған болатын. Онда «Жер қыртысын мұнай мен мұнай өнімдерінен тазалау тәсілі» жобасын ұсынған Ұлбосын Ыдырысова мен «Мыс ұнтағын алу тәсілі» инновациялық-ғылыми жетістігімен қазыларды тәнті еткен Люция Каримова жеңіп алды. «Ең белсенді өнертапқыш» аталамында байқауға 9 бірдей өнертабысымен келген Саяхат Нүкешев жеңімпаз атанды. Ал биотехнологиялық және ветеринарлық вирусология саласында вакциналар алу өнертабысын ұсынған Қайрат Табынов байқаудың «ең жас өнертапқышы» деп танылды. «Жас талант» аталымы бойынша ең үздік өнертапқыш Әсел Кабитова «СОФМАЙЯ» қышқыл сүт алу әдісі үшн жүлде алды.
«Осымен 8-рет өткізіліп отырған «Шапағат» байқауының бірден бір мақсаты - өндіріске инновацияны енгізу, өнеркәсіп саласында үздік жетістіктерді жан-жақты насихаттау, үздік жобаларды ұйымдастыру болып табылады. Аталмыш шараны Әділет, Білім және ғылым, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерімен бірлескен түрде жүзеге асырды. Үшеуінің де мақсаты бір - бірінші, инновацияны ғылымнан табу, екінші, біздің тарапымыздан оған заңды патент беру, сонан соң оны өндіріске кіргізу», - дейді Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев.
Жеңімпаздар Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының арнайы жүлделерімен және «Өнертабыс ісіне қосқан үлесі үшін» алтын дипломдармен марапатталды.
Салтанатты шарада ұйымдастырушылар қатысушыларға арнап «Болашақты жоспарлау» атты көрме жұмысын жасап, инновациялық жобалар бағытындағы өнертапқыштарға әріптестікті дамытуға арнайы сұхбат алаңын құрған.