Астанада «Шашу» халықаралық өнер фестивалі ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында «Шашу» халықаралық өнер фестивалі ашылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Астанада «Шашу» халықаралық өнер фестивалі ашылды

Шараны ұйымдастырушылар - Астана қ. Білім басқармасы, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы, «ART-ШАШУ» ҚҚ.

Фестивальдің мақсаты түрлі мемлекеттердегі  балалар мен жасөспірімдер арасындағы мәдени және достық қарым-қатынасты нығайту, шығармашылықты қолдау және дамыту, шығармашылық ұжымдардың өнер жетістіктерімен және тәжірибесімен бөлісу, балалар мен жасөспірімдерді Қазақстанның мәдени байлығымен таныстыру болып табылады.

«Шашу» халықаралық фестиваліне еліміздің дарынды балалары және жастары, сонымен қатар Ресей Федерациясының, Саха (Якутия) Республикасының, Қырғызстанның шығармашылық ұжымдары қатысады.  «Вокал» (эстрадалық, халықтық, академиялық), «хореография» (халық биі, халықтық - стильді биі, қазіргі заманғы би және  эстрадалық би, балалар  хореографиясы), «инструментальдық  жанр» (соло, ансамбльдер және  оркестрлер), «халық әні» (халық әнін орындау) іспетті жанрлар бойынша 700-ден астам қатысушы  өздерінің шеберліктерін сынайды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының өнер қайраткерлері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері, эстрада жұлдыздары бар.

Фестивальдің алғашқы күні жас өнерпаздар «хореография» жанры бойынша өздерінің қарым-қабілетін сынға салады. 26 наурызда шығармашылық эстафетаны «вокал» жалғастырады, 27 наурызда «аспап» және «халық әні» жанры бойынша қатысушылар өзара бақ сынайды.

29 наурызда жеңімпаздарды марапаттау салтанаты және Гала-концерт өтеді.