Астанада «Шаттық-2015» балалар байқауының жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада оқушылар арасында өткен «Шаттық-2015» өнер байқауының шымылдығы гала-концертпен аяқталды.
Жыл сайын түрлі өнер түрлері бойынша мыңдаған жас өнерпаздардың жолын ашып, танымалдылыққа бастайтын байқауға биыл 6 мыңға тарта оқушы қатысты. Дарынды жастар екі жас санаты: 10 -15 жас және 16-20 жас ерекшелігі бойынша бақ сынады. Олар он үш номинация бойынша жеті жанрда сынға түскен болатын. Атап айтсақ, оқушылар аспапты соло, халық аспаптары, аспапты ансамбль, хор әні, эстрада әні, халық әні (соло, ансамбль), халық биі, қазіргі заман биі, балдық би, фотосурет, бейнелеу өнері, поэзия, драмалық театр деген номинацияларда өнерлерін паш етті.
Балғын өнерпаздар 5 күн бойы елорданың түрлі сахналарында 28 алтын, 40 күміс және 56 қола медальді сарапқа салды. Сонымен қатар ұстаздарға 250 диплом мен 124 сертификат тапсырылды.
Байқау жеңімпаздарын Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
«Келесі жылы «Шаттық» байқауының он жылдығын тойлаймыз. Өнер иелерінің мерекесіне айналып үлгерген осынау керемет байқауды жыл сайын өткізу жақсы дәстүрге айналды», - дейді астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Э.Суханбердиеваның айтуынша, дәстүрлі қалалық байқау мектеп, лицей, гимназия, техникалық кәсібиұйым оқушыларының арасында Дельфий ойындарының бағдарламасы негізінде өткізіледі.
«Балалардың өнерлік және шығармашылық деңгейін аталмыш байқаудың қорытындылары толық көрсетіп отыр»,- дейді Э.Суханбердиева.
Сонымен, «Поэзия» аталымында елордалық оқушылар Абай Бәкір мен Жанар Нұрғазина, «Халық биі» аталымында «Сарыарқа» және «Гүлнәр» би ансамбльдері, «Қазіргі заман би»» аталымында «Ақ шағала» ұжымы мен №48 мектеп-лицейінің оқушылары жеңімпаз деп танылды.