Астанада «Шегенің» жеке көрмесі ашылды

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Астанада «Хас Санат» өнер галереясында танымал қазақстандық суретші «Шеге» - Владимир Гвоздевтің жеке көрмесі ашылды.

Астанада «Шегенің» жеке көрмесі ашылды

В. Гвоздев Ресейде дүниеге келген. Кейін ата-аналарымен бірге Қазақстанға көшіп келеді де, осы жерде екінші Отанын табады. Суретшінің айтуынша, оны көшпенділердің көне тарихы мен өзіндік дүниетанымы қатты баурап алған. Шеге деген лақап атпен белгілі өнер иесі қазақ орнаменттерінің құпиясын шешіп қана қоймай, петроглифтерді де оңай оқи алады.

 Қылқалам шеберінің сөзіне қарағанда, ол көрме экспозициясына өзінің ең үздік 50-ге жуық дүниелерін алып келген. Оның ішінде 33 картина әлі бояуы кеппеген жаңа туындылар.

 Қазақстандық сыншылардың пікірінше, «Шегені» табиғаттың әсем бейнесі шабыттандыратынын анықтау қиын емес, ол тауларды, өзендерді, ағаштар мен тал жапырқтарын, гүлдерді жиі салады. Шеге бейнелейтін образдар символдар деңгейіне дейін көтеріліп, қоршаған ортаны меңзеуден гөрі, көбіне-көп сырын ішіне бүккен тылсым да терең ойды білдіреді.

Алматыда Жүргенов атындағы қазақ ұлтық өнер институтын тәмамдаған суретші өзіне тән стильді «этносимволизм» деп атайды. Оның негізі  қазақтың дәстүрлі өнері деп біледі. Себебі ол салған картиналардың басты элементі - көне заманда ақпарат алмасу үшін пайдаланылған және өз бойына маңызды мағынаны жинаған нышандар мен символдар.

 В. Гвоздевтің жеке көрмелері Түркияда, Германияда және Қазақстанда өткізілген. Оның туындылары Австралияда, АҚШ-та, Австрияда, Германияда, Данияда, Францияда, Англияда, Венгрияда, Польшада, Голландияда, Түркияда, Швейцарияда, Ресейде және Қазақстанда жеке коллекцияларда сақтаулы.