Астанада шетелдегі қандастар арасында өнер байқауы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен қазан айының 29-30 жұлдызында «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған шетелде тұратын отандастардың қатысуымен халықаралық өнер фестивалінің аясында жыр мүшәйрасы, термешілер сайысы және сурет көрмесі өтеді.

Астанада шетелдегі қандастар арасында өнер байқауы өтеді

Байқаудың мақсаты: Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын ашу; Жастарды қазақстандық патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеу; Ел мен жердің тарихына құрмет сезімін қалыптастыру; Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру; Қазақ халқының мәдениеті мен салтын насихаттау; «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын насихаттау; Шетелдегі дарынды қазақ жастарының шығармашылығын насихаттау.

Қатысушылардың жас мөлшері 20-35 жас аралығында болуға тиіс. Мүшәйра, терме және көрме сайыстарына қатысушы шетелде тұратын отандасымыз болуы шарт. Сондай-ақ, автордың мүшәйраға және көрмеге жолдаған шығармасы бұрын еш жерде жарияланбаған болуы керек.

Мүшәйра талаптары:

Бірінші өлең - Қазақ хандығының тарихы, тарихи тұлғалар бейнесі, елдік мәселелер тақырыбында болуы керек.

Екінші өлең - шетелдегі қандастар тағдыры мен көші-қон туралы болуы тиіс.

Үшінші өлең - еркін тақырыптағы өлең, үш өлеңге де 3-5 минут уақыт беріледі және үш өлеңде жоғарыда көрсетілген тақырыптар қамтылуы міндетті.

Терме сайысы талаптары:

1 терме - елдікке шақыратын, бірлікке бастайтын, ұлтжандылық бағыттағы термеден бір туынды орындау (3-5 минут);

2 терме - еркін тақырыпта терме орындау (3-5 минут).

Көрме талаптары:

1 тақырып бойынша кескіндеме көлемі 100*150 см.-ден кем немесе артық болмауы тиіс (Материалдары: майлы бояу, гуашь, акварель, кенеп, картон, ақ қағаз).

2 тақырып бойынша графикалық шығарма көлемі 40*90 см. (Материалдары: офорт, линогравюра, литография, т.б.) көркемдік деңгейі талапқа сай, тақырыпқа мейлінше лайық болуы тиіс.

Әрбір автордың көркем шығармасы талапқа сай безендіріліп (багет), саны 5-7 данадан аспауы керек.

Жеңімпаздарды марапаттау әр сайыс бойынша

«Бас жүлде» - біреу - 200 000 (екі жүз мың) теңге;

І орын - екеу - 150 000 (жүз елу мың) теңгеден;

ІІ орын - екеу - 120 000 (жүз жиырма мың) теңгеден;

ІІІ орын - екеу - 80 000 (сексен мың) теңгеден;

Ынталандыру сыйлығы - үшеу - 60 000 (алпыс мың) теңгеден.

Өтініштер 2015 жылдың қазан айының 20 жұлдызына дейін қабылданады. Толығырақ ақпаратты Астана қаласы, Рысқұлбеков көш., 16/3 үй, 203 п. мекенжайы бойынша немесе +7 747-204-88-35 нөмірі арқылы алуға болады.