Астанада шетелдік азамат лифтідегі мониторды сындырып кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада шет елдің азаматы тұрғын үйлерінің біріне кіріп, кіреберіс пен лифтіні ластап, бейнекамерасы бар мониторды бұзып кеткен. Бұл туралы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

Астанада шетелдік азамат лифтідегі мониторды сындырып кеткен

«Мына бұзақы біздің ауданның тұрғын үйлерінің біріне кіріп, кіреберіс пен лифтіні ластап, бейнекамерасы бар мониторды бұзып кеткен! Егер камераны сындырсаңыз, бұл сізді түсірмей жатыр деген сөз емес! Бұндай әрекет жазасыз қалмайтынын кейбір адамдар қашан түсінер екен? Қазіргі кезде қалада, жолдарда болсын, үйлер мен кіреберістерде болсын, дүкендерде де қаншама бейнекамералар орнатылған, сондықтан бұзақыларды табу өте оңай» деп жазады әкім.

Сондай-ақ, аудан басшысы тексеру барысында бұзақы біздің еліміздің азаматы емес екені анықталғанын мәлім етті. Қазіргі уақытта ол изоляторға қамалған, одан әрі депортацияланатын болады.