Астанада шетелдік қандастарымызға арналған «Алтын қазық» тіл үйрету оқу-әдістемелік кешенінің таныстырылымы өтті

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астанада өткен «Тіл үйрету орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында шетелдік қандастарымызға арналған «Алтын қазық» тіл үйрету оқу-әдістемелік кешенінің таныстырылымы өтті.

Астанада  шетелдік қандастарымызға арналған «Алтын қазық» тіл үйрету оқу-әдістемелік кешенінің таныстырылымы өтті

Жиын барысында аталмыш кешеннің қызметімен таныстырған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Несібелі Құрманның айтуынша, аталмыш жүйе Еуропа елдерінде тұратын қазақтарға арналған. «Бізде қазір Қытай, Моңғолия сияқты елдерде тұратын қазақтарға да арналған тіл үйрету кешені бар. Біз бұл кешендердің әр елдің жазу үлгілеріне байланысты дайындадық. Сонымен қатар қазір ТМД мемлекеттерінде тұратын қандастырымызға да арналған тілді оқыту жүйелері бар. Жүйені дайындау ісінде әсіресе этнолингвопсихологиялық, этнолингводидактикалық сипаттардың назарға алынғандығын ескере кету керек. Бұл әр аймақтың азаматтарының өзіндік ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді», - деді директордың орынбасары.

Оның айтуынша, «Алтын қазық» шет мемлекеттерде жүрген жүздеген, мыңдаған қандастарымызға тіл үйретіп, өздерінің елдеріне оралуларына негіз болатын дүние болса екен деген ниеттен туындап отыр.