Астанада шетелдік азамат бір күнде бірнеше құқықбұзушылық жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада шетелдік азамат заңсыз такси қызметімен айналысып, бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болды. Оның Қазақстанда заңсыз жүргені анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнде патруль кезінде полицейлердің назарын Mercedes автокөлігінің жүргізушісі аударған. Ол патрульдік машинаны көрген соң, жедел бұрылып, жасырынуға тырысқан. Алайда көлік жолындағы шлагбаумды бұзып өтіп, тұрақтағы екі автокөлікке соқтығысқан. Оның бірі инерциямен тағы бір көлікті зақымдаған.
Жүргізуші жаяу қашуға әрекеттенгенімен, тәртіп сақшылары ұстап үлгерген.
Тексеру барысында ер адамның шетелдік екені, елде заңсыз жүргені және такси қызметін заңсыз атқарып келгені белгілі болды. Сонымен қатар полиция бірнеше құқықбұзушылықты анықтады:
-
көлікті жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен басқарған;
-
такси қызметін көші-қон құжаттарынсыз және рұқсатсыз жүзеге асырған;
-
сақтандыру полисі жоқ автокөлікті басқарған.
Сонымен бірге көлік нөмірлерінің басқа автокөлікке тиесілі екені, күдіктінің оны бөтен көліктен шешіп алғаны белгілі болды.
Сот шешімімен құқықбұзушы үш тәулікке қамауға алынды және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
«Мұндай заңсыз әрекеттер жолдағы қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Қауіпті құқықбұзушы заңға бағынбаған жағдайда қатаң жазаланады. Әсіресе, көлікті жалған нөмірлермен басқару, полициядан қашу және заңсыз қызмет көрсету айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», – деп ескертті елордалық полицейлер.
Айта кетейік, Алматы облысында көлікпен адамдарды әдейі басып кеткен күдіктілер ұсталды.