Астанада Шығыс Қазақстан өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның өндірушілері Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 300 тоннаға жуық өнім әкелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ақпарат орталығына сілтеме жасай отырып.

Астанада Шығыс Қазақстан өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

«Қазақстан» спорт кешені аумағында 50 сауда орны белгіленген, онда Шығыс Қазақстан облысының 2 қаласы мен 15 ауданынан келген өңдеуші өнеркәсіп пен шаруа қожалықтары елорда тұрғындарына өз өнімдерін ұсынып отыр. Астаналықтар қолжетімді бағамен көкөніс, ірімшік, қымыз, өсімдік майын, қарақұмық, асбұршақ, жылқы етін, сүзбе, қаймақ, шұжық пен балық сатып ала алады. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанның брендіне айналған бал мен маралдың мүйізінен жасалған өнімдер де әкелінді. 

Шығыс Қазақстан облысы өнімдерінің жәрмеңкесі Астананың 20 жылдығы аясында өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 210 млн теңге сомаға 300 тоннаға жуық экологиялық таза өнім ұсынылған. 

Барлық тауар елордадағыдан 15-20 % арзанға сатылып жатыр. Астана тұрғындары Шығыс Қазақстан облысының жәрмеңкесіне сапалы әрі табиғи өнім алу үшін келеді. 



«Шығыс Қазақстанды да, осы өңірдің өнімдерін де жақсы көреміз. Сондықтан, интернеттен хабарландыруды көрген кезде қажетті тауарлардың тізімін жасауға кірістік. Тауар сапасына сенімдіміз. Май, қымыз бен тары сатып алдық. Бәрі дәмді», - деп атап өтті елорда тұрғыны Айсұлу Қабидолла. 

Астаналықтар әсіресе шығыстың балына ерекше қызығушылық танытуда. 

«Мен 10 литр бал сатып алдым. Сонымен бірге, картоп та алдым. Біздің үйдің жанында картоп 150 теңге тұрады, ал мұнда 70 теңге. Бәрі арзан. Біздің базардағылардан әлдеқайда жақсы», - деді Сәния Кейінбаева. 



Саудамен қатар, өңір шығармашылық ұжымдарының концерті де өтіп жатыр. 

Еске сала кетейік, Астанада жәрмеңке 29-30 қыркүйек күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Қажымұқан көшесі, 7 мекенжайында өтеді.