Астанада «Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы» антологиясы таныстырылды

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада "Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы" антологиясы көпшiлiк назарына ұсынылды.

Астанада «Шығыс Қазақстанның музыкалық мұрасы» антологиясы таныстырылды

Жинақты шығыстың күй және әншiлiк мол мұрасын ұрпаққа үзбей жеткiзу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаевтың тiкелей атсалысуымен ШҚО мәдениет басқармасы және ШҚО мемлекеттiк филармониясы жарыққа шығарып отыр. Ондағы музыкалық шығармалар 18 аудио дискiден тұрады.

"Қазақтың ән өнерiн асқақтатып жүрген Еркiн Шүкiмәнов, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали өнерпаздарды осы жұмысқа тарттық. Мұнда танымал әндермен қатар, бұрын айтылған, бiрақ кейiннен айтылмай кеткен ескi әндер де бар. Мысалы, ата-әжелерiмiздiң аузында қалып кеткен де, бiрақ бүгiн сахнада орындалмай жүрген ән мен күйлер бар, соның барлығын бетiнiң шаңын қағып, осы жинаққа енгiздiк. Iздестiру жұмыстары бiраз уақытқа созылды. Сосын Шығыс Қазақстан өңiрi өзге елдермен шектесiп жатқан Баян Өлгей және Қытай қазақтарының бiздiң дәстүр сақталған. Бiз естiмеген жырлар жетерлiк. Олардың барлығын қамтуға тырыстық. Қазақстанның шығыс аймағына жататын ән-күй дәстүрiнiң барлық туындыларын қамтуға күш салдық", - дедi Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар.

Оның айтуынша, қажеттi материалдарды тауып, бiр жинаққа топтастыруға бiр жылға жуық уақыт кеткен. Жарияланған дүние ендi ШҚО-дағы барлық 400-ге тарта кiтапханасына тегiн таратылады. Сонымен қатар өңiрдегi мектептерге және музыкалық колледждерге берiледi.