Астанада Шымкенттің «жедел жәрдемі» қайдан жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 13-ші аймақтың мемлекеттік нөмірін таққан жедел жәрдем көлігінің суреті әлеуметтік желіні біраз «шулатқан» болатын.

Астанада Шымкенттің «жедел жәрдемі» қайдан жүр

 Жедел жәрдем шақырған елорда тұрғындары  да Астанада мемлекеттік нөмірі ОҚО-да тіркелген жедел жәрдем қайдан жүргендігіне таңданыс білдірген еді.

ҚазАқпарат тілшісі мән-жайды анықтады. Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі жедел жәрдем көліктерін Астана қаласының әкімдігі уақытша жалға алған екен. Себебі, тұмау басталған маусымда елордада жедел жәрдем көліктері жетіспейтін көрінеді.

 Жедел жәрдем көліктерінің Астана әкімдігіне жалға берілгені туралы ақпаратты Шымкентте орналасқан «ЭКО-Барс» ЖШС растады.

«ЭКО-Барс» ЖШС компаниясы Астана қаласы әкімдігінің «Қалалық медициналық жәрдем станциясы» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны жүргізген  электронды порталдағы №405018-1 ашық конкурсының нәтижесіне байланысты, 2016 жылдың 1 сәуірінде бекітілген құжатқа сәйкес, Астана қаласына жүргізушілермен қоса, автокөліктерді жалға беріп келеді»,-деп жауап берді компания ҚазАқпарат тілшісінің сауалына орай.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қалалық жедел жəрдем қызметінің бас дəрігері Сапарғали Дүйсеновтің хабарлауынша, қазір қалада 87 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді екен. 2017 жылдың сəуір айының соңына дейін қалалық денсаулық сақтау басқармасы жедел жəрдем қызметі үшін су жаңа 30 көлік сатып алмақ. С.Дүйсеновтің айтуынша, қазір жедел жəрдемге тиесілі көліктердің 54 пайызы тозған. Тағы 20 көлік үнемі жөндеуді қажет етіп отырады.