Астанада шыршаларды сату орындары белгіленді
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД қызметкерлері қарағай, шырша ағаштарының заңсыз кесілуінің алдын алуды және олардың сатылуын қадағалауға алды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Елорданың ресми сайтының мәліметіне қарағанда, табиғат қорғау, жол және учаскелік полиция инспекторлары енген жұмылдыру тобы құрылып, олар тәулік бойы рейдтік іс-шараларын жүргізуде.
Жүргізілген іс-шара кезінде олардың сатылу орындары мен сауда жасауға арналған арнайы рұқсатының барлығына баса назар аударылады.
Сауда орындары мен базарлар басшылығымен жасалған келісімшарттар негізінде қалада оларды сатудың келесі орындарында рұқсат берілген: «Встреча» СҮ, «Гүлжан» СҮ, «Молодежный» дүкені, «Орбита» СҮ, орталық базар, «Шанхай», «Чарын», «Сарыарқа», «Сәлем», «Саянұр», «Эталон», «Қамқор» базарлары, «Астықжан» СҮ, «Азат» СҮ. Аталған барлық сатушыларда тиісті құжаттар пакеті бар.