Астанада Сирия дағдарысымен күрес жөніндегі қорытынды декларацияға қол қойылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Сирия оппозициясы өкілдері келіссөздерінің екінші раунды аяқталды. 2 қазан күні басталған келіссөздер нәтижесіне орай, Сириядағы дағдарыспен күрес жөніндегі кездесуді ұйымдастырудың одан арғы шаралары қамтылған қорытынды декларацияға қол қойылды.
None
None

«Астанада екінші мәрте басқосуға мүмкіндік ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасы мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді. Бірінші конференцияда дағдарыспен күрес бойынша бастамаларды қамтыған біршама құжаттарға қол қойылған болатын. Келіссөздердің екінші раундында Сириядағы дағдарысты шапшаңырақ шешу үшін бастамалар қосылып отыр», - дейді Сириядағы плюралистік қоғам үшін қозғалысының басшысы Ранда Кассис.

Айта кетерлігі, «Астана-2» келіссөздердің екінші раундына қатысушылар сайлау үдерісіне ерекше назар аударып отыр, бұл ретте сайлауға халықтың барлығы, олардың елде немесе шет елдерде жүргендеріне қарамастан барлығы да қатысу мүмкіндігіне ие екендігіне айрықша мән берді.

«Сирияда соғыс тоқтамайынша босқындар мәселесі әлі де жалғаса береді. Босқындар ағынын тоқтатудың жалғыз мүмкіндігі - қантөгістерді, соғысты тоқтату. Сириялық қоғамның басым бөлігі саяси шешім, әділдік арқылы ғана осыны жүзеге асыруға болады деген пікірде», - дейді сириялық оппозицияның тағы бір өкілі Бассам а Битар.

Келіссөздердің екінші раундына 37 адам қатысты. Конференция барысында сириялық дағдарысқа қатысты түрлі саяси шешімдер ұсынылған. «Біз тезірек шешім тауып, сириялық дағдарысты бейбіт жолмен аяқтауға үміттіміз», - деп түйіндейді Абдулла Абдулсайид.

Еске сала кетейік, Астанада 25-27 мамыр аралығында сириялық дағдарыс бойынша Сирия оппозициясының түрлі топтарынан өкілдер арасында кездесулер өтіп, оның нәтижесінде саяси шешімдер жөніндегі Астана декларациясына қол қойылған болатын. Атап айтқанда, құжатта қатысушылардың басым бөлігі барлық шетелдік содырларды елден шығаруға шақырып, терроризммен күресте бірлескен майдан құрудың қажеттігін мойындаған болатын.

Соңғы жаңалықтар