Астанада Сириядағы соғыс қимылдарының доғарылуын қадағалау жедел тобын құру туралы құжат қабылдануы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Сириядағы соғыс қимылдарының доғарылуын қадағалау жедел тобын құру туралы құжат қабылдануы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада Сириядағы соғыс қимылдарының доғарылуын қадағалау жедел тобын құру туралы құжат қабылдануы мүмкін

«Бізде өтетін кездесу ақпан айында Женевада өтетін келіссөздерге дайындық саналады. Біз Астанада тек тұғырнама ұсынып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, кезінде Ресей президенті Путин мен Түркия президенті Ердоған Елбасымызға ұсыныс жасады. Елбасы олардың ұсыныстарын қолдады  және 23-24 қаңтар күндерінде бізде Сириядағы жағдайда реттеу жөніндегі кездесу ұйымдастырылды. Одан кейін жуырда өздеріңізге белгілі техникалық кездесу өтті. Ал ертең өтетін кездесу одан да жоғары деңгейде болмақ», - деді ол.

Сонымен қатар министр өзінің баспасөз қызметіне кездесу жайында толық ақпаратты БАҚ өкілдеріне беру туралы тапсырма беретіндігін, ал кездесудің Риксос қонақ үйінде өтетіндігін айтты.

«Жалпы,  кепілгер елдердің ақпараттарына сәйкес, олар соғыс қимылдарының доғарылуын қадағалау жөніндегі жедел топ құру  туралы құжат қабылдамақ.  Мұны күтіп, кепілгер елдерге назар аударған жөн», - деді Әбдірахманов.