Астанада «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты қазақстандық жаңа фильмнің көрсетілімі болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен ресейлік «Изарусфильм» кинокомпаниясы түсірген фильмнің басты рөлдерін - Кеңес Одағы және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов (Ка мырза) пен қазақстандық жас әртіс Филипп Волошин (Игорек) сомдады. А.Әшімовтың идеясымен жарыққа шыққан лентаның қоюшы-режиссері Хуат Ахметов, продюсерлері - Венера Нығматулина және Әлжан Ибрагимов.
Барыс жылындағы алғашқы премьераны тамашалауға өнер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, бірқатар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мен киносүйер көпшілік қауым жиналды. Картинаны көруге қызығушылық танытқандардың саны көп болғаны сонша, залға сыймаған халық бір жарым сағатқа жуық уақытқа жалғасқан киноны тұрып тамашалаудан тайынбады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап көрсетуінше, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі Ш.Аймановтың ең соңғы туындысы - «Атаманның ақыры» мен «Транссібір эскпресі» фильмдерінің заңды жалғасы іспетті. Себебі, олар әртүрлі режиссерлардың қолдарынан шықса да, картиналардағы отанға, елге қызмет ету сияқты ұлы сезімдер мен қасиеттерді жеткізу идеяларының негізі бір.
Ұзақ жылдардан кейін Бангкоктың түрмесінен босап шыққан Ка мырза, Отанына оралмақ болып мінген пойыздың купесінде Игорек есімді жолсерігімен танысады. Ал есірткі тасымалымен айналысатын жас жігіт, «тауарды» діттеген жеріне Ка мырзаның арқасында оған білдіртпей жеткізіп алуды көздеп, есірткі жасырылған ыдысты қартқа сыйға тартқан болады. Бірақ өткен өмірінде мол «тәжірибесі» бар қарт, оның пиғылын бірден түсініп, есірткінің көзін жояды. Бұдан кейін Ка мырза, Игоректы «тапсырыс берушілердің» өлімінен аман-алып қалу үшін еріксіз қылмыстық топтың ортасына түседі. Жас баланы өлім аузынан арашалап қалу үшін өзінің бұрынғы «байланыстарымен» қылмыскерлерге есірткінің ірі көлемін жеткізіп беруге де келіседі.
Фильмнің соңында ұзақ уақыт полицияның бақылауында болған қылмыстық топ құрықталады. Ал оларды қолға түсіру - қазақстандық агент - Ка мырзаның отандық құқық қорғау органдарымен әу бастан келіскен нақты сызба-жоспарлардың арқасында жүзеге асырылғандығы анықталады.
Көрсетілімнің соңында сұхбат берген А.Әшімов: «Фильмге қолдау білдірушілер өте көп болғандықтан, оны нашар шығаруға құқығымыз болған жоқ. Барлық трюктарды да өзім жасадым», - деп атап өтті.
Ал Х.Ахметовтың атап көрсеткеніндей, фильм Қазақстан, Тайланд және Ресей аумақтарында аталмыш елдердің танымал әртістерінің қатысуымен түсірілген. Картинаның продюсері В.Нығматулинаның айтуынша, үш елдің 80-нен астам нысанында жасалған түсірілімдер өте қымбатқа түскен. «Біз өзін ақтап шығатын коммерциялық мақсаттағы картинаны түсіруге тырыстық және ол қолымыздан келді деп ойлаймын», - дейді ол.
В.Нығматулина мемлекеттің тапсырысымен түсірілген фильмнің жалпы бюджетін құпияда сақтағанымен, ресейлік кинокомпания өздерінің ынталарымен оған 600 мың АҚШ долларын құйғандығын жасырмады.
Сондай-ақ ол жаңа қазақстандық фильм алдағы уақытта Ресей және Тайландта көрсетілетінін, бұл жөнінде екі ел кинокомпанияларымен келіссөздер де басталып кеткендігін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, алматылық киносүйер қауым үшін «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінің тұсаукесері «Алатау» кинотеатрында, қаңтардың 21-і күні сағат 18.00-де өтеді.