Астанада іске жарамды қанша бомбапана бар

Астанада іске жарамды қанша бомбапана бар
Фото: pixabay.com

Депутаттар елордадағы бомбапаналардың орналасқан жерін ашық жариялауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Құдай сақтасын, бомба тасталса немесе лаңкестік актілер болса алдымен қарапайым халық зардап шегеді. Сіздердің функцияңыз – халықты қорғау. Мысалы, мен ең жақын бомбапананың қайда екенін білмеймін. Мүмкін, мәселені заңдастыру керек шығар? Қауіп-қатердің бары рас. Дабыл қағылса, мен қайда барамын? Әлемде бар қауіп-қатерлерге қарасақ, бұл өзекті мәселе», - деді қалалық мәслихат депутаты Қанат Ибраев.

Халық қалаулысының сауалына жауап берген қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Дамир Ермағамбетов бомбапаналарға қатысты ақпараттың ашық жария етілмейтінін айтты.

«Бомбапаналардың орналасқан жері бойынша мәліметтер бар, бірақ оларды жария түрде айта алмаймын, жазбаша түрде бере аламын», – деді ол.

Аталған мәселені Сенат депутаты Андрей Лукин де көтерді. Оның айтуынша, әкімдіктің коммуналдық мүлік басқармасы бомбапаналарды сату бойынша ашық конкурстар жариялаған.

Депутаттың мәлімдеуінше, әкімдік 2019-2020 жылдары Дүкенұлы көшесіндегі және басқа да бомбапаналарды жеке меншікке сатты. Сенатор елорда тұрғындары үшін бомбапаналардың орналасқан жері туралы ақпаратты ашық жариялауға шақырды.

«Қаладағы бомбапана бойынша толық мониторинг жүргізілді. Оның ішінде 25 бомпана іске жарамды болып шықты. Олардың құжаты әзірленіп, Азаматтарға арналған үкімет порталында тіркелді. Сонымен қатар аталған бомбапаналар азаматтық қорғанысты қамту орталығына берілді», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев.

Соңғы жаңалықтар