Астанада «Соғым-FEST» өтіп жатыр: етті делдалсыз сатып алуға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтіп жатыр. 7 және 8 қараша күндері Астана тұрғындары отандық шаруалардан ет өнімдерін делдалсыз, қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да облыстарынан келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысыып жатыр. Жоба аясында 1 000 тоннадан астам ет өнімін сату жоспарланған.
Жәрмеңке отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, өнімді тікелей өткізу арналарын дамытуға және халық үшін азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл шара 7 және 8 қараша күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін елорданың үш сауда алаңында өтеді:
• «Keruen Joly» сауда орталығы - Алаш тасжолы, 35Б;
• «Ет Әлемі» сауда орталығы - Алаш тасжолы, 31/1;
• «Jurt» сауда орталығы - Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
Алдағы уақытта «Соғым-FEST» жәрмеңкесін әр демалыс сайын өткізу, сондай-ақ елорда тәжірибесін Қазақстанның басқа өңірлеріне тарату жоспарланған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы «Қазанат» ипподромында 31 қазан күні Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.